Астана - 101,4FM

Астана еріктілері өңірлерге 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді

Астана еріктілері өңірлерге 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді

«Астана Жастары» КММ еріктілері қайырымдылық ұйымдарымен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен облыстардың тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау акциясын бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қала бойынша 9 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ұйымдастырылды, жиынға 30-ға жуық еріктілер ұйымы қатысады. Күн сайын 200-ден астам еріктілер қажетті заттарды сұрыптауға және жөнелтуге көмек көрсетеді. Сарыарқа, 13 көшесіндегі еріктілер пунктінде қаланың бей-жай қарамайтын тұрғындары жиналып, дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық керек-жарақтарды алып келуде.

Астана қалалық еріктілер штабы төрағасының орынбасары Эльвира Есмұханованың айтуынша, 29 наурыз бен 1 сәуір аралығында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілген.



Айта кету керек, заттарды сұрыптау арнайы алгоритм бойынша жүреді:


1 санат – химия және гигиена;

2 санат – жаңа заттар;

3 санат – ерлер мен әйелдер киімдері;

4 санат – өнімдер.


Еріктілер қораптар бойынша сұрыптау арқылы заттар мен қажетті өнімдерді қабылдайды.

Заттарды жіберу кезекпен жүзеге асырылады.

Еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайтынын ескеріңіз. Ниет білдірушілер жинау орындарына қажетті өнімдерді жинап, әкеле алады.