Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 29.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 29.09.2020

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевті қабылдады. Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі, өңірдің энергияға тәуелділігі және жергілікті жолдардың жағдайы сияқты облыстағы негізгі мәселелер туралы мәлімет берілді. Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының әкіміне Үкіметпен бірлесе отырып, аталған проблемаларды шешуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев етті мал шаруашылығын дамыту және осы бағытқа ғылыми тұрғыдан баса мән беру, мұнай мен газ өндіруге қатысы жоқ салаға тартылатын инвестицияны ұлғайту, өнеркәсіпті әртараптандыру, сондай-ақ, өңдеу секторының өндірісін арттыру жөнінде Ғали Есқалиевтің алдына бірқатар міндет қойды. Мемлекет басшысы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды экономикалық қызметке тартуды жалғастыруға, сонымен қатар аймақтағы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерге қатысты мәселелерді түбегейлі шешуге тапсырма берді.

***

Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда мектеп оқушыларының күзгі каникулы жоспарға сәйкес басталатынын жария етті. Айта кетсек бұған дейін Ресей астанасы Мәскеуде мектеп оқушылары күзгі каникулға мерзімінен бұрын шығатыны хабарланған еді. Ізін ала әртүрлі мессенджерде ақпарат шығып, Қазақстанда да оқушылар каникулға ерте шығатыны жайлы мәлімет тараған болатын. Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда мектеп оқушылары үшін күзгі каникулға жоспарға сәйкес шығатынын хабарлайды. Нақтырақ айтқанда оқушылар күзгі каникулда - 5-14 қараша аралығында демалады.

***

Алматы облысында 15 жастағы оқушы қуаттағышта тұрған телефоннан тоқ соғып мерт болды. «Қайғылы жағдай Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылындағы үйлердің бірінде 26 қыркүйек күні түнгі сағат 22:00 шамасында болған. Тоқ соғу салдарынан 15 жастағы тұрғын мерт болды. Алдын ала болжам бойынша, қыздың ұялы телефоны қуаттағышта тұрған. Қазір арнайы сараптама тағайындалды» - делінген Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

***

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева санитарлық талаптар сақталмаса, қатаң карантиндік шаралары қайта енуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бас санитар халықты бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды. «Бүкіл әлемдегі коронавирустың эпидемиологиялық жағдайын ескеру қажет. Бізде бұл талаптар еленбей, сақталмай жатыр. Егер осылай жалғаса берсе, жағдай ушығуы мүмкін. Онда белгілі бір қызмет түрлерін тоқтатып, қатаң шектеу шараларын қайта енгізуге мәжбүр боламыз», – деді ол баспасөз мәслихатында. Бүгінде елорда бойынша тамақтану орындары мен ойын-сауық мекемелерінің иелері карантин талаптарын сақтамай отыр. Мәселен, Есіл ауданындағы Тұран даңғылында орналасқан Auraclub Alanya жазғы кафесі бар түнгі клуб шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін 8 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Карантин енгізілгеннен бері кәсіпкерлік нысандарға жалпы сомасы 122 миллион 526 428 теңгені құрайтын 550 айыппұл салынды.

***

Биыл 1 қазан Қазақ радиосының әуе толқынына шыққанына 99 жыл. Алғаш 1921 жылдың күзінде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынбор қаласынан хабар таратқан. Ғасыр куәсі болған қара шаңырақ, әр қоғамның тұсында әрқалай дамып, уақыт өткен сайын заман талабына сай жаңғырды. Қазір құрамына 4 бірдей (Qazaq radiosy, Shalqar, Astana, Classic) радионы біріктірген QAZAQ RADIOLARY серіктестігі бүкіл қазақ даласына ақпарат таратады. Биыл 1 қазан күні «Қазақ радиосының» қара орман халқына арнаған өзіндік сыйы бар. Яғни, осы күні Нұр-Сұлтан және Алматы студияларынан эфирге шығатын ардагер дикторлардың дауысы әуе толқынында қайта жаңғырады. «QAZAQ RADIOLARY» ЖШС Бас директоры Ернұр Бураханның айтуынша, «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойын атап өту – «сағындырған дауыс иелері» аға буын өкілдерінің осылайша эфирмен қайта қауышуымен басталады.