Астана - 101,4FM

«KAZCHESS AWARDS - 2024»: Астанада шахматтан «үздік команда» анықталды

«KAZCHESS AWARDS - 2024»: Астанада шахматтан «үздік команда» анықталды

Елордада дәстүрлі «KazChess Awards» сыйлығы табысталды. Биыл қатарынан екінші жыл аталған жүлдемен үздік спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және Қазақстанда шахмат спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Биыл номинациялар тізімі 12 санатқа дейін кеңейтілді, өткен жылы 9 номинация болған.

Салтанатты іс-шараға Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит сондай-ақ атақты спортшылар, еңбек сіңірген жаттықтырушылар және өзге де тұлғалар қатысты.

Марапаттау рәсімінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев кейінгі жылдары елімізде шахмат спорты қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Жеңімпаздар Қазақстан шахмат федерациясы президиум мүшелерінің дауыс беру жолымен таңдалды. Жеңімпаздарды анықтау кезінде спортшылардың халықаралық және республикалық жарыстардағы жеке көрсеткіштері ескерілді.

Астана қаласының бұрымды спортшылары да сол он екі аталымның үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ, Динара Сәдуақасова, Амина Каирбекова мен Меруерт Камалиденова «Үздік команда» аталымын жеңіп алды.

Естеріңізге салсақ, Қытай елінің Ханчжоу қаласында өткен XIX Жазғы Азия ойындарында шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасы қола жүлде иеленген болатын. Құрама сапында қазақстандық бес спортшы өнер көрсетті. Оның екеуі Астана қаласының бұрымды шахматшылары Меруерт Камалиденова мен Динара Сәдуақасова.

Айта кету керек, спорттың осы түрін дамытуға бағытталған «Мектептегі шахмат» жобасы аясында бүгінде 983 мектепте зияткерлік ойын сабақтары өткізіледі. Оның ішінде 110 мектепте міндетті пән ретінде оқытылады. Сондай-ақ 2023 жылы 2 мыңнан астам қатысушыны қамтыған әуесқойлар арасында шахматты насихаттауға бағытталған «Шахмат керуені» республикалық жобасы іске асырылды.